«Қазақшаң қалай, балақай?» атты ата-аналарға арналған баяндама

 

Қазақ тілі мұғалімі Жакыманова Р.К.

 

Мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту өзіндік қиындығы бар үрдістердің бірі болып табылады. Өйткені тіл ойлау арқылы жүзеге асады, ал ойлауды жүзеге асыру үшін бала тілдік-танымдық, қиялшылдық қабілеттерін іске қосуы керек.

Балалардың тілін дамытуда эстетикалық тәрбиелеудің ажырамас бөлігі ретінде көркем-тілдік қызметтің  қалыптасуы маңызды.  Кіші мектеп жасындағы бала ертегіні тыңдай отырып қиялдайды, таныс кейіпкерлерді елестетеді, жақсы кейіпкерді жақтайды. Ертегінің қайталанып келетін сюжеттері арқылы ертегі желісін тез есте сақтайды. Әдемілікке құштар бола түседі. Ал әдемілікке құштарлану, сюжетті еске түсіру барлығы тіл арқылы жеткізілетінін ұмытпағанымыз жөн.

Кіші мектеп жасының балалары үшін тіл дамыту жұмыстары төл дыбыстарды анық айтудан басталуы керек. Бұл мектепке дейінгі жастан бастап шешуін табуға тиісті мәселелердің бірі. Басты мақсаты – дыбыс аппаратын дұрыс қолдана отырып, дыбыстарды дұрыс айта білуге үйрету болып табылады. Жұмыс неғұрлым ерте басталса, нәтиже соғұрлым тиімді болары анық. «Ә,Ғ,Қ,Ң,Ө,Ү,І,Ұ» дыбыстарымен түрлі өлеңдер, қайталама жолдар жаттата отырып, балалармен дыбыстарды анық айту бойынша жұмыстар жасаған дұрыс. Егер бала балабақша кезінен дыбысты дұрыс айтпаса, ары қарай солай қалыптасуы мүмкін.

Қазақ тілін үйретуде балаларға бұрын үйренген санамақтарды, тақпақтар мен әндерді қолдана отырып, артикуляциялық гимнастика және сергіту сәттерін ұйымдастыру ұсынылады. Сөздерді айтуға жаттықтыру және артикуляциялық гимнастика сөйлеу мүшелерінің қимылын дамытуға ықпал етеді, балаларды қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтырады және педагог дыбыстарды айтқан кезде балалардың назарын оның бет-әлпетіне, артикуляциялық аппаратына аударуына септігін тигізеді. Балаларға түсінікті, қарапайым ұйқас жолдарды табу әрдайым мүмкін болмайды, сондықтан оқу іс әрекетінде педагог өзі шығарған ұйқас жолдарды қолдануына болады. Мысалы, «қ» дыбысын дұрыс айту үшін: Кел, кел балақан Шапалақта алақан. «Ү» дыбысына: Жүгір кәне күнім, Тосып отыр інің. «Ә» дыбысына: Әсет келді әне Көрсет өнер қәне. т.б

Тіл, әдетте, тыңдау арқылы емес, сол тілде сөйлеу арқылы үйретіледі. Қажетті жағдай жасалмайынша, тіл дамыту жұмыстары белгілі бір деңгейге жете қоюы екіталай. Сондықтан да балалардың белсенді сөздік қорын негізге ала отырып, жалпы қолданыстағы зат есім, сын есім, етістіктерді күнделікті енгізіп отыру керек. Балалармен жеке әңгімелер өткізіп, тұйық балалармен балаға жайлы тақырыптарда әңгіме құруға тырысу керек. Көптеген балалар орыс тілді ортада тәрбиеленеді. Өз ойларын жеткізу оларға өте қиын. Олар өйткені орысша ойлайды, қазақша жауап беруге қиналады.

Арасында бағыттаушы сұрақтар қойып, баламен күні бойы сөйлескен жөн. Кіші мектеп жасының балалары өте қызығушылығы жоғары балалар, олар қолдарына түскен ойыншықты болсын, қоршаған жиһазды болсын әңгіме қылуға әзір. Сол жөнінде көптеген сұрақтары да дайын. Міне осыны пайдалана отырып, шыдаммен барлық сұрақтарына жауап беріп, қызыққан дүниелері туралы айтып беру маңызды.

Дәл осы жас аралығында баланың сөздік қоры 5-7 есе өседі. Сөздік қоры да молаяды.

Кіші мектепке дейінгі жас дыбыстарды шығару мен қайталауға бейімді жастардың бірі болып табылады. Дыбыс шығаруға қатысушы ауыз-сүйек мүшелері қозғалысы шапшаң болып келеді.

Тіл дамытудағы тағы бір қажетті бөлік ол – сенсорлық тәрбиелеу. Осы арқылы бала қоршаған орта туралы алғашқы білім нәрімен сусындайды, сипап сезу арқылы дүниетанымы қалыптасады. Түрлі заттардың формасымен, түсімен таныса отырып бала өз сөздік қорын молайтады, тілдік талдау жасауға талпынады.

Баланың тілін дамыту күрделі жұмыс. Себебі қазір қоршаған орта мен қоғамның тілі әр түрлі. Бала үйінде орысша сөйлеп келіп балабақшада бір жылда қазақша сөйлеп кетеді деу де артықшылық. Баланың санасына қазақ тілі ана тілі екенін үйретуіміз керек. Мектепке дейінгі жастағы балалар нағыз үйренуге құмар жастағы балалар.

Кіші мектеп жасындағы балалардың тілін дамыту жұмыстары әрқашан тәрбиеші мен қазақ тілі пәні мұғалімінің бақылауында болуымен қатар ата-аналар тарапынан да жұмыстар жасалуы қажет. Себебі баламен күні бойы жүргізілген жұмыс үйде жалғасуы тиіс. Сонда ғана тіл дамыту жұмыстары өз жемісін береді.